Accessibility links

"Протонға" наразыларды полиция ұстады


Байқоңыр ғарыш айлағындағы ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы. 2 шілде 2013 жыл.

Байқоңыр ғарыш айлағындағы ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы. 2 шілде 2013 жыл.

Астанада 30 қыркүйек күні түстен кейін "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға наразы "Антигептил" қозғалысының он шақты өкілін полиция ұстап әкетті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Қозғалыс өкілдері Ресейдің "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруына қарсы жүздеген адамның қолы қойылған хатты парламентке тапсырмақ болған. Азаттық тілшісінің айтуынша, белсенділер үкімет үйінен өтіп, парламент үйіне қарай бара жатқанда олардың барлығын полиция ұстап әкеткен.

Есіл аудандық ішкі істер басқармасының кезекші қызметкері ұсталған белсенділердің басқармаға жеткізілгенін Азаттыққа растады.

30 қыркүйекте Байқоңырдан байланыс спутнигін тиеген ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылған.

2 шілдеде ресейлік үш "Глонасс-М" аппаратын тиеген дәл осындай "Протон-М" зымыран тасығышы ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат салдарынан ғарыш айлағы маңындағы жерді зымыран тасығыштың бірнеше жүз тонна улы отыны - гептил ластаған.
XS
SM
MD
LG