Accessibility links

Астанада борышкерлерді полиция ұстады


Астанаға жиналған борышкерлер. 1 қазан 2013 жыл.
Астанаға жиналған борышкерлер. 1 қазан 2013 жыл.
Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрап, хат тапсырмақ болған ондаған борышкерді полиция ұстап әкетті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорғаннан жиналған, өздерін "ипотекаға үй алып, қарызын өтей алмай жүрміз" деп атаған 200-ге тарта борышкер бүгін банк алдындағы қарыздарын жабуға көмектесуді сұрап, президентке хат тапсырмақ болған еді. Түске дейін Ақордаға барған олардың жолын полиция бөгеп, өткізбей қойған. Ал президентке жазған хаттарын премьер-министрдің өкілі қабылдап алған.

"Хаттарының президентке жетіп, мәселелерінің шешілуін күткен борышкерлер Ақорда маңынан бірер сағатқа дейін кетпей қойған. Түстен кейін оларды полиция автобустарға тиеп алып кетті" дейді Азаттық тілшісі.

Борышкер Қыздығой Ажарқұлованың айтуынша, олардың бір бөлігін Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына апарған.

Борышкерлер хатта президенттен банктің негізгі қарыздарын ғана қалдырып, өсімақыны алып тастауына, үйлерін тартып алуын тоқтатуға көмектесуін сұраған. Олар "үкімет дағдарыс кезінде банктерге көмектескен, енді бізге де көмектесуі қажет" деп санайды.

21 мамырда "ипотекаға үй алып, оның қарызын қайтара алмай жүрміз" деген жүзден аса адам Астанаға жиналған еді. Олар үкімет және парламенттің қабылдауына кіріп, биліктен қарыздарын жабуды сұрамақ болған.
XS
SM
MD
LG