Accessibility links

NCOC: Қашағанда бүгін мұнай өндірілмеді


Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл
Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл
North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы Каспий теңізінің Қазақстанға қарасты бөлігіндегі Қашаған кен орнынан бүгін, 1 қазанда мұнай өндірілмегенін мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

NCOC консорциумының хабарлауынша, мұнай өндіру қазір уақытша бөгеліп, барлық өндіріс кешендерінің жұмысы тоқтап тұр. Қазір қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуына қатысты зерттеу жүріп жатыр.

24 қыркүйекте Қашағандағы "Болашақ" кешенінде төтенше жағдай болған еді. Теңіздегі жасанды "Д" аралынан зауытқа баратын газдың сыртқа шығып жатқаны анықталып, ондағы барлық скважиналардан мұнай өндіру уақытша тоқтатылған.

Ал 26 қыркүйекте Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Болатбек Омаров құбырды іске қосуға үш-төрт күн қажет екенін айтқан.

Қашаған кен орнын барлаған мұнай компаниялары мұндағы мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағалаған. Олар кенішті іске қосу жұмыстарына 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсаған. Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді. Қашаған кен орнында North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды биыл 11 қыркүйекте өндіре бастаған.

Қашаған жобасында қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының да үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алған.
XS
SM
MD
LG