Accessibility links

Іле Алатауы паркіндегі қырғын туралы істің жұмбақтары


Панайот Захаропуло (сол жақтан бірінші). Алматы облысы, Іле Алатауы ұлттық паркі, 13 тамыз 2012 жыл.

Панайот Захаропуло (сол жақтан бірінші). Алматы облысы, Іле Алатауы ұлттық паркі, 13 тамыз 2012 жыл.

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі қырғыннан кейін Саян Хайыров атты күдікті тұтқындалды. Оны террористік топтың жетекшісі деген де болжамдар бар. Хайыровтың соты Алматыда өтіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы Бостандық кентінде туған Саян Хайыров 38 жаста. Оған «террористік топты басқарған, заңсыз қару-жарақ пен оқ-дәрі сақтаған, жарылғыш заттар әзірлеген және тағы бірнеше қылмыс жасаған» деген айып тағылды. Биліктің пікірінше, өткен жылдың жазында Іле Алатауы ұлттық паркіндегі 12 адамның өліміне осы айтылған террористік топ кінәлі. Бірақ топ мүшелерінен жалғыз Саян Хайыров қана ұсталып, қазір сот алдында отыр. Адвокаты мен әйелі оның кінәсіз екенін айтады.

«ТЕРРОРИСТІК ТОПТЫҢ» БІРНЕШЕ «ҚЫЛМЫСЫ»

Тергеу орындары Алматы түбіндегі ұлттық паркте 12 адамның жұмбақ жағдайда қаза табуынан бұрын жасалған бірнеше қылмысты да Саян Хайыровпен байланыстырады. Тергеушілер айтып отырған сондай қылмыстың бірі – «2012 жылы маусымда Атырау қаласында кәсіпкерді ақша бопсалау мақсатымен ұрлау». Бизнесмен әлі табылған жоқ.

Игорь Захаропулоның Іле Алатауы ұлттық паркі аумағынан табылған Nissan Patrol көлігі. Көлік ішінен қан іздері табылған.

Игорь Захаропулоның Іле Алатауы ұлттық паркі аумағынан табылған Nissan Patrol көлігі. Көлік ішінен қан іздері табылған.

Осы топқа қатысы бар деген тағы бір оқиға - 2012 жылдың 11 шілдесінде Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Таусамал кентінде болған жарылыс. Үйінді астынан төрт әйел, бес бала – барлығы тоғыз адамның мүрдесі табылды. Болжам бойынша, жарылғыш құрылғыны қолдан жасау кезінде ол жарылып кеткен.

Тергеушілер 2012 жылы тамыздың 13-14-і күндері Іле Алатауы ұлттық паркіндегі 12 кісінің өлімін де осы «террористік топтың» қылмысына жатқызып отыр. Ол жерден 12 адамның мәйіті табылды. Арасында 76 жастағы қорықшы Панайот Захаропуло мен 13 жасар Виктория Турищеваның денесі бар. Қорықшының баласы Игорь Захаропуло із-түзсіз жоғалып кетті.

Іле Алатауы паркіндегі бұл қылмыс жұртты шошытты. Бірақ оқиғаны көрген куәгерлер табылмады. Ресми болжам кем дегенде екі мәрте өзгерді. Билік әуелі Ақсай шатқалында төбелес соңы жаппай қырғынға ұласқан десе, кейін бұл қылмысқа әлдебір террористік топтың қатысы бар деген болжам жасады.

«ТӨБЕЛЕСТЕН ШЫҚҚАН»

Әуелі жаппай кісі өліміне қорықшы Панайот Захаропулоның баласы Игорь Захаропуло мен Ақсай шатқалындағы тағы бір кордонның қорықшысы Алексей Шкилевтің қатысы бар деген күдік айтылды. Шкилев заңсыз қару ұстағаны үшін былтыр тамыз айында тұтқындалды. Бұл жайт ақпарат құралдарында наразылық тудырып, жұрт «кінәні жазықсыз жандарға артып отыр» деп тергеу орындарын айыптады. Қорықшы Панайот Захаропулоны браконерьлермен аяусыз күрескен адам ретінде көрсеткен мақалалар шықты.

Игорь Захаропулоның әйелі Ольга Алмалы аудандық сотына келді. Алматы, 27 қыркүйек 2013 жыл.

Игорь Захаропулоның әйелі Ольга Алмалы аудандық сотына келді. Алматы, 27 қыркүйек 2013 жыл.

Ақыры тергеушілер «кәдімгі төбелестің соңы қанды қырғынға ұласқан» деген алғашқы болжамнан бас тартты.

Өткен жылдың қарашасында Шкилев қамаудан босатылды, ал Игорь Захаропуло Ақсай шатқалындағы қырғыннан бір жыл өткенде «өлді» деп жарияланды. Әйелі Ольга «Игорьдің сүйегі табылған жоқ. Оны өлтіріп тастаулары да мүмкін» дейді.


ТЕРРОРИСТЕР ТУРАЛЫ БОЛЖАМ

Тергеушілер «2012 жылдың шілдесінде Таусамал кентіндегі тұрғын үйдегі жарылыстан кейін террористер Іле Алатауы ұлттық бағына барып жеркепе қазып алған» деген болжамға тоқтайды. Олар алты әйелді балаларымен бірге күшпен ұстап, жеркепеде шамамен шілденің 20-сынан тамыздың 12-сіне дейін тұрған деген жорамал жасалды. «Террористердің бірінің әйелі жеркепеде босаныпты» деген де хабар тарады.

Тергеу «Қорықшының ұлы Игорь Захаропуло жеркепеде тұрып жатқан адамдарды көріп қалған, жаппай қырғын оны өлтіруден басталған. Сосын олар екі кордондағы куәлерді де өлтірген» деп болжайды. Ішкі істер министрлігі 2012 жылдың қыркүйегінде «Бұл қылмыстарды діни экстремизмге қатысы бар топ мүшелері жасады деуге нақты негіз бар» деген ақпарат таратты. «Діни экстремизмге қатысы бар топ мүшелерінің жеке бастары анықталғаны» да хабарланды.

АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ МЕН ҚҰРБАНДАР

Бас прокуратура «Ақсай шатқалындағы жаппай қырғыннан бірнеше күн өткенде кінәлілердің көзі жойылды. Алматы түбіндегі Таң кентіндегі бір үйге бекініп алған 13 адам арнайы операция кезінде қаза тапты» деп мәлімдеді.

Қарулы топпен атысқан арнайы жасақ. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қарулы топпен атысқан арнайы жасақ. Алматы, 30 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

2012 жылы тамыздың 17-сі күні таңертең жүргізілген арнайы операция да жұртты дүрліктірді. Ірі калибрлі пулемет пен гранатометтерден атылған оқтың дыбысы Алматының жоғарғы жағында анық естілді.

Ақпарат құралдары «операциядан кейін мәйіттердің ішінен баланың күйіп кеткен денесі табылғанын» хабарлады. Билік әуелі мұны теріске шығарғанымен, кейін «қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған бала болғанын» мойындады.

Сотталушы Саян Хайыровтың әйелі Шынар Бисенбаева Азаттық тілшісіне «өткен жылы Таң кентіндегі арнайы операция кезінде менің 10 жасар ұлым Ислам да қаза тапты» дейді.

Құзырлы орындар басында «Іле Алатауы паркіндегі қырғын мен Таң ауылындағы арнайы операцияның арасында байланыс жоқ» деп хабарлады. Бірақ көп ұзамай «Таң кентінде жойылған содырлардың арасында Саян Хайыров тобының мүшелері де болған» деп мәлімдеді.

САЯН ХАЙЫРОВТЫҢ «ДӘЛЕЛІ»

Саян Хайыров Таң ауылындағы үйге бекініп алған адамдардың арасында жоқ болып шықты. Бірақ бір айдан кейін оған және Жамбыл облысының тумасы, «террористік топтың» тағы бір басшысы деп болжанған Зәуірбек Ботабаевқа іздеу жарияланды.

Хайыровты қорғаушы адвокат Жандос Бұлхайырдың айтуынша, Саян Хайыров Таң кентінде арнайы операция кезінде де, одан бірнеше күн бұрын Алматының түбіндегі Іле Алатауы паркіндегі қырғын кезінде де Қазақстанда болмаған.

Саян Хайыровтың әйелі «күйеуім Іле Алатауы паркіндегі қанды қырғынның алдында бала-шағасын тастап кеткен, оның қайда жүргенін білген жоқпын» дейді.

Панайот Захаропуло мен әйелі. Алматы, 23 қазан 2009 жыл.

Панайот Захаропуло мен әйелі. Алматы, 23 қазан 2009 жыл.

Саян Хайыровты биыл мамыр айында Қырғызстанда ұстап, екі айдан кейін Қазақстанға этаппен әкелген.

Террористік топтың тағы бір басшысы деп болжанған Зәуірбек Ботабаев әлі ұсталған жоқ.

Саян Хайыровтың ісі бойынша сот отырысын Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының судьясы Гүлшахар Шыныбекова жүргізеді.

Алғашқы үш тыңдау жабық өткенімен, соттың негізгі отырыстары ашық өтті.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG