Accessibility links

Зейнеткерге 87 мың теңге айыпұл салынды


Алматыда коммуналдық төлемдердің қымбаттауына, зейнетақының аздығына наразылық танытып, президент резиденциясына хат тапсырмақ болған зейнеткерлердің бірі Райхан Әмірбекова әкімшілік жазаға тартылды. Ол сот шешімімен 50 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 86 мың 550 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейтін болды.

64 жастағы зейнеткер өзі секілді бірнеше адаммен бірге әуелі президент резиденциясына бармақ болған. Ол жерге полицейлер өткізбеген соң Алматы қаласының әкімдігіне наразылық білдіріп барған.

Он шақты зейнеткердің арасынан Райхан Әмірбекованы полиция ұстап, Бостандық аудандық ішкі істер бөлімшесіне апарған. Одан кейін зейнеткерді Алматы қаласының әкімшілік сотына алып барып, жұма күні кешке үкім шығарған.

«Мен үкіммен келіспеймін, айыппұлды да төлеуге құлқым жоқ. Бірақ олар зейнетақымнан ұстап алып тұрады ғой. Зейнетақым 29 мың теңгеден сәл ғана асады. Президент пен әкіммен кездесуді сұрағаным үшін осындай жаза алдым» деді зейнеткер Райхан Әмірбекова.
XS
SM
MD
LG