Accessibility links

Малала Юсуфзай - Политковская сыйлығының иегері


Малала Юсуфзай. Нью-Йорк, АҚШ, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Малала Юсуфзай. Нью-Йорк, АҚШ, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Лондонда пәкістандық 16 жасар блогер қыз Малала Юсуфзайға ресейлік журналист Анна Политковская атындағы сыйлық тапсыру рәсімі өтті.

Малалаға сыйлықты екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехословакияда ұлты еврей жүздеген баланы нацистерден құтқарған 104 жастағы Николас Уинстон табыс етті.

2006 жылы Мәскеуде қастандық құрбаны болған журналист Анна Политковская атындағы сыйлықты 2007 жылы Reach All Women in War («Соғыс ошағындағы барша әйелге жәрдемге келу») халықаралық құқыққорғау үкіметтік емес ұйымы тағайындаған. Бұл сыйлық ұрыс жүріп жатқан аймақтарда құқыққорғаумен айналысқан әйел адамдарға беріледі.

Бұған дейін Юсуфзай 2013 жылғы балаларға арналған халықаралық бейбітшілік сыйлығына ие болған еді. Шілде айында ол БҰҰ-ның жастар ассамблеясында сөйлеп, әлем елдері басшыларын әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға шақырған.

Малала Юсуфзай өзі тұратын Пәкістанның солтүстік-батысындағы Сват алқабында «Талибан» қозғалысының шариғат заңдарын орнату әрекеттерін сынап, 11 жасынан интернетте блог жаза бастаған еді.

2012 жылы қазанда Пәкістанда «Талибан» адамдары мектептен қайтып бара жатқан Малала мен оның екі сыныптасына шабуыл жасады. Мойны мен басына оқ тиіп, ауыр жараланған Малала Ұлыбританияда емделген, қазір ата-анасымен бірге сол елде тұрып жатыр.
XS
SM
MD
LG