Accessibility links

Сарапшылар Сирияның химиялық қаруын жоюға кірісті


Сирияға барған БҰҰ сарапшыларының көліктері. Дамаск, 3 қазан 2013 жыл.

Сирияға барған БҰҰ сарапшыларының көліктері. Дамаск, 3 қазан 2013 жыл.

Химиялық қаруға тыйым салу халықаралық ұйымының сарапшылары Сирияның химиялық қаруын жоюға кірісті. Бұл туралы ұйым сарапшыларымен бірге жұмыс істеп жатқан БҰҰ өкілдері хабарлады.

Сарапшылар тобы Ресей мен АҚШ жасаған келісім негізінде қабылданған БҰҰ қарары бойынша құрылған. Қарар бойынша Сирияның химиялық қару-жарағы 2014 жылдың ортасына дейін жойылуы тиіс. Дамаск химиялық қаруы туралы мәліметтерді өткен айда тапсырған еді.

Сирия президенті Башар Асад таяуда Германияның Der Spiegel журналына берген сұхбатында АҚШ президенті Барак Обамада 21 тамызда Сирия үкімет әскерінің Дамаск маңында зарин газын қолданғанын растайтын "бір де бір айғағы жоғын" айтқан. Асад Ресей өзін бұрынғыдай қолдай беретінін ескерткен.

Сирияда 21 тамызда бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару – зарин газы қолданылғаны туралы БҰҰ сарапшыларының қорытындысы қыркүйектің 16-сы күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде таныстырылған еді. Газ шабуылынан Сирияда жүздеген адам қаза болған.
XS
SM
MD
LG