Accessibility links

Жоғарғы сот: Софроний депортацияланбасын


Софроний әкей. 24 шілде 2013 жыл.

Софроний әкей. 24 шілде 2013 жыл.

Православ діндар, игумен Софроний Қазақстаннан депортацияланбайтын болды. Бұл туралы бүгін Жоғарғы соттың ресми сайтында жарияланды. Ресми мәліметте Алматы облыстық сотының кассациялық алқасы 2 қазанда Софронийді (шын есімі - Петр Ефтихеев) депортациялау туралы сот шешімдерінің күшін жойғаны туралы қаулы шығарғаны хабарланды.

Өткен аптаның соңында жоғарғы сот сайтында Софронийді депортациялау туралы қаулы жарияланып, түсінбестік тудырған еді. Жоғарғы сот өкілдері оны "техникалық қателік" деп атаған.

Жоғарғы сот сайтында "Алматы облысы Іле аудандық сотының 29 шілдедегі шешімі жойылсын. Облыстық ішкі істер басқармасы көші-қон басқармасы бастығының Ефтихеевті депортациялау туралы өтінішін қанағаттандырмау туралы жаңа шешім қабылдансын. Евтихеевтің кассациялық қарсылығы мен шағымы қанағаттандырылсын" деп жазылған.

29 шілдеде Алматы облысының Іле аудандық соты "Игумен Софроний Қазақстанда тіркелу ережесін бұзғаны үшін 8 тамызда Ресейге қайтарылуы керек" деген шешім шығарған еді. Ал 2 қазанда Алматы облыстық сотының кассациялық алқасы Софронийді Қазақстаннан депортацияламау туралы шешім шығарған.

Ресей азаматы, Софроний деген атпен белгілі Петр Евтихеевті депортациялау ісі туралы, оның Қазақстандағы балалар мен қарттар паналайтын баспанасы жайлы Азаттық бұған дейін жазған.
XS
SM
MD
LG