Accessibility links

Обама мен республикашылар тағы келісе алмады


Барак Обама, Вашингтон. 8 қазан 2013 жыл.
Барак Обама, Вашингтон. 8 қазан 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен Республикашылар партиясы жетекшілерінің арасындағы қарыз алу шегін көбейтіп, бюджет дағдарысын шешуге қатысты кезекті келіссөздері нәтижесіз аяқталды.

Ақ үй таратқан мәлімдемеде келіссөздердің "жақсы өткені", бірақ тараптар дағдарыстан шығудың нақты жолдарын таба алмағаны айтылған.

Конгрестің өкілдер палатасында көпшілік орынға ие оппозициялық Республикашылар партиясының жетекшісі Эрик Кантор президентпен кездесуді "өте пайдалы" деп атап, демократтармен тағы да кездесулері мүмкін екенін айтқан.

АҚШ конгресі 17 қазанға дейін қарыз алу шегін 16 триллион 700 миллиард АҚШ долларынан уақытша болса да ұлғайтуы қажет. Өйтпеген жағдайда АҚШ-та дефолт жарияланып, ол әлемдік қаржы жүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

Конгрестегі көпшілігін демократтар құрайтын сенат пен республикашылар басым өкілдер палатасы бұған дейін келесі жылдың бюджет жобасына келісе алмай, 1 қазаннан бастап бірқатар үкіметтік мекемелер жұмысын тоқтатқан еді. Соның салдарынан жүздеген мың мемлекеттік қызметкер ақысыз демалысқа жіберілді.

АҚШ-та жаңа бюджет жылы қазан айынан басталады.
XS
SM
MD
LG