Accessibility links

ДБ: Орталық Азия экономикасы баяу өсе бастады


Дүниежүзілік банктің белгісі.

Дүниежүзілік банктің белгісі.

Дүниежүзілік банк (ДБ) әлемдік қаржы дағдарысы мен Еуропадағы рецессия салдарынан өсімі тежелген Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы дамушы елдер экономикасы ақырындап қайта өсе бастағаны туралы хабарлады.

Сонымен бірге ДБ мамандары бұл аймақтағы экономикалық өсім өзге елдермен салыстырғанда өте баяу әрі ғаламдық экономикаға тән жедел өзгерістер әсеріне осал екенін айтады.

«Еуро аймағында дағдарыс қаупі азайып, Еуропа рецессиядан ептеп шыға бастады, бұл Еуропа мен Орталық Азиядағы дамушы елдер экономикасына әсер етеді» деп мәлімдеді жұма күні ДБ вице-президенті Лора Так.

ДБ өкілі 2013 жылы ТМД елдерінде экономикалық өсім көрсеткіші жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 2,4 пайызына тең болады, тек Ресейдікі – 1,8 пайызды құрауы ықтимал деген болжам айтты. Ал 2014 жылы ТМД елдері экономикасының өсімі – 3,5 пайыз, Ресейдің көрсеткіші – 3,1 пайыз болады деді Лора Так.

Бірақ, сонымен бірге ол жаңадан пайда болған қаржы қатерлері (соның ішінде АҚШ-тағы) онсыз да әлсіз экономикалық өсімді тежейтінін ескертті. Ол дамушы елдерге экономикасындағы құрылымдық проблеманы ұлттық деңгейде шешу қажеттігін айтты.

«Аймақ елдерінің үкіметтері жаңадан жұмыс орындарын ашу, тұрғын халықтың қартаюына байланысты мәселелерді шешу, сондай-ақ, табиғи ресурстарды басқару сияқты негізгі проблемалардың шешімін табатын шаралар қабылдау қажет» деді Так.

«Табиғи қорларды тұрақты әрі жауапкершілікпен тиімді пайдалану - Әзербайжан, Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Украина және Өзбекстан сияқты табиғи ресурсқа бай елдердің алдында тұрған күрделі мәселе болып отыр» делінген ДБ мәлімдемесінде.
XS
SM
MD
LG