Accessibility links

Керри мен Карзай қауіпсіздік келісімін талқылады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Кабул, Ауғанстан, 11 қазан 2013 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Кабул, Ауғанстан, 11 қазан 2013 жыл.

12 қазанда Кабулда Ауғанстан президенті Хамид Карзай мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри қауіпсіздік саласындағы әріптестік туралы келісім бойынша екіжақты келіссөздерін жалғастырды.

АҚШ үкіметінің өкілі жұма күні өткен талқылау барысында екі тарап көптеген түйткілді мәселелер бойынша түсіністікке келгені туралы айтқан еді. Бірақ бұл жағдай, Ақ үй күтіп отырғандай, қазан айының соңына дейін екіжақты келісімге қол қоюға ықпал ете ме деген сауалға әзірге жауап болмай отыр.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри жұма күні Ауғанстанға барған. Оның Кабулға сапары туралы алдын-ала хабарланған жоқ.

Бұған дейін Хамид Карзай АҚШ-пен жасалатын келісімді талқылау үшін "Лойя джирга" құрылтайын (ақсақалдар кеңесі) шақыратынын мәлімдеген еді.

Қауіпсіздік саласындағы әріптестік туралы келісім 2014 жылдан кейін Ауғанстанда қалатын АҚШ әскерінің құқықтық аясын белгілейді. Аталған мерзімге дейін НАТО мен АҚШ-тың негізгі әскери құрамын Ауғанстаннан шығару жоспарланған. Ресми Кабул оған дейін "Талибан" қозғалысымен бейбіт бітімге келуге мүдделі.

2014 жылы көктемде Ауғанстанда кезекті президент сайлауы өтуі тиіс.
XS
SM
MD
LG