Accessibility links

Бакуде оппозиция жиыны өтті


Әзербайжанның біріккен оппозициялық күштері өткізген наразылық жиыны. Баку, 12 қазан 2013 жыл.

Әзербайжанның біріккен оппозициялық күштері өткізген наразылық жиыны. Баку, 12 қазан 2013 жыл.

Әзербайжан демократиялық күштері ұлттық кеңесі 12 қазанда Бакудегі стадиондардың бірінде наразылық митингісін өткізді. Жергілікті билік рұқсат еткен жиында осы аптада елде өткен президент сайлауының ресми нәтижесі сынға алынды.

Біріккен оппозиция атынан президент сайлауына түскен Жамиль Гасанлы 9 қазанда өткен сайлау кезінде «халықтың құқығына әлімжеттік жасады» деп билікті айыптап, «сайлауды бұрмалағандар қылмыстық жауапқа тартылсын, сайлау нәтижесі жойылсын, елде жаңа сайалу өтсін» деген талап айтты.

«Дауыс беруге қатысқандардың 70 пайызы мені қолдады» деп мәлімдеді Гасанлы.

Наразылық жиынында сөйлеген өзге де оппозиция қайраткерлері Ильхам Әлиев басқаратын билікті сынады. Саясаткер Иса Гамбар президент Әлиевті отставкаға кетуге шақырды. Жиын соңында қабылданған қарарда Әзербайжан біріккен оппозициясы елде өткен президент сайлауының ресми нәтижесін мойындамайтыны, елде жаңа сайлау өткізуді талап ететіні айтылған.

Полиция сенбі күнгі жиынға 1,5 мың адам қатысты десе, ұйымдастырушылар наразылық митингісіне 15 мың қатысқаны туралы айтады.

Әзербайжанда 9 қазанда өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 85 пайызы елдің қазіргі президенті Ильхам Әлиевті жақтаса, 5 пайызы Жамиль Гасанлыға қолдау білдірген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары «дауыс беру процесі кезінде кемшіліктер мен бірқатар мәселелер ұдайы байқалғанын» айтты. АҚШ үкіметі ЕҚЫҰ бағасына қолдау білдірді. Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы сөз бостандығына қатысты кейбір мәселелер болғанына қарамастан сайлау ашық, әрі демократиялық түрде өтті деп баға берді.

Ильхам Әлиев осымен үшінші мерзімге Әзербайжан президенті болып сайланды.
XS
SM
MD
LG