Accessibility links

Баспана қозғалысының белсендісі қамаудан шықты


"Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Астана, 16 қазан 2013 жыл

"Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Астана, 16 қазан 2013 жыл

16 қазан күні Астана уақытымен 22:45-те "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев қамаудан шықты. Ол 1 қазанда Астанада өткен борышкерлердің митингісінен кейін "рұқсат етілмеген жиын өткізді" деп айыпталып, сот шешімімен 15 тәулікке қамалған болатын.

Белсенді Өктешбаев Азаттыққа қамауда отырғанда аштық жариялап, салмақ жоғалтқанын және билік банк алдындағы қарызын өтей алмай жүргендерге көңіл бөлмесе, аштығын одан ары жалғастыратынын айтты.

1 қазан күні Астана қаласына жиналып, Қазақстан президентіне арыз тапсырмақ болған Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент және Ақтөбе қалаларынан келген борышкерлерді полиция ұстап әкеткен еді. Олар баспана үшін алған несие-қарыздарын кешіру туралы талап-тілектеріне Қазақстан үкіметінің назарын аудармақ болған. Сол күні қамалған 200-ге жуық борышкердің бірқатарына рұқсат етілмеген жиын өткізді деген айып тағылып, айыппұл салынған.

Ал борышкер Қыздығой Ажарқұлова 3 тәулікке, митингті ұйымдастырушы ретінде Есенбек Өктешбаев 15 тәулікке қамалған болатын. Борышкерлердің қалғандары әкімшілік сот тарапынан ескерту алған. Қамауда отырғанына 9 күн толғанда Есенбек Өктешбаев аштық жариялаған еді.
XS
SM
MD
LG