Accessibility links

Эр-Рияд БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелігінен бас тартты


БҰҰ штаб-пәтері, Нью-Йорк. Көрнекі сурет.

БҰҰ штаб-пәтері, Нью-Йорк. Көрнекі сурет.

Сауд Арабиясы бүгін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне уақытша мүше болудан бас тартты. Эр-Риядтың мәлімдеуінше, "кеңес қақтығыстар мен соғыстарды тоқтатуға қауқарсыз".

Сауд Арабиясы 17 қазанда Чад, Чили, Литва және Нигериямен бірге бірінші рет кеңеске тұрақты емес мүше болып сайланған. Бірақ бүгін Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлігі "Қауіпсіздік кеңесінің жұмыс істеу механизмі мен қос стандарты оның әлемде бейбітшілік орнату міндетін атқаруына кедергі келтіреді" деген мәлімдеме жасады.

Эр-Рияд кеңестегі орнын онда реформалар жүргізілгеннен соң ғана иеленетінін білдіргенімен, нақты қандай реформаларды қалайтынын ашып айтпады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 15 мемлекет мүше. Олардың бесеуі - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция тұрақты мүше. Бұл елдердің халықаралық мәселелер талқыға салынғанда вето қою құқығы бар. Өзге он елді БҰҰ Бас ассамблеясы әр құрлық пен аймақтан әрбір бес жылда екі жыл мерзімге сайлайды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылғы тұрақты емес мүшелігіне сайланудан Қазақстан да үміттеніп отыр.

Қауіпсіздік кеңесі бұған дейін Сириядағы қақтығыстарды шешу мәселесінде екіге жарылған еді. Сауд Арабиясы Сирия мәселесіне келгенде ондағы көтерілісшілерді қолдайды.
XS
SM
MD
LG