Accessibility links

Беларусь оппозиционері бостандыққа шықты


Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Павел Северинец (сол жақта) сот кезінде. Минск, 11 мамыр 2011 жыл.
Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Павел Северинец (сол жақта) сот кезінде. Минск, 11 мамыр 2011 жыл.
19 қазанда Беларусь христиан демократиялық партиясының теңтөрағасы (БХДП) Павел Северинец бостандыққа шықты.

Достары мен әріптестері оппозиция қайраткерін ол жазасын өтеген Брест облысындағы елдімекенде қарсы алмақ болған еді. Бірақ Северинецті арнайы комендатурадан түнгі сағат үште алып шығып, Брест-Мәскеу бағытындағы поезға отырғызып, ол сенбі күні таңертең Минскіге жеткен.

– Түн ортасында тұрғызып, айналма жолмен вокзалға әкелді, мені достарым мен туған-туысым қарсы алмасын деп әдейі істеді, - деп мәлімдеді Северинец Азаттық радиосына.

Минск вокзалында милиция Северинецті қарсы алуға келген бірнеше журналист пен операторды ұстаған. Тек Северинец вокзалдан кеткен соң шамамен бір сағаттай уақыт өткенде оларды босатып қоя берген.

Сот 2010 жылы 19 желтоқсандағы «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысқан» деп айыптап, үш жыл бас еркіндігін шектеуге үкім шығарған соң Северинец жазасын «еңбекпен түзеу» тәртібі бойынша өтеді.

2010 жылы Беларусь елінде президент сайлауы болған күні тұтқындалған соң бес ай мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) тергеу абақтысында қамауда отырды. Ол президенттікке кандидат Виталий Рымашевскийдің сайлау штабын басқарған еді.

Ал президенттікке экс-кандидат Николай Статкевич, оппозициялық «Жастар майданы» қозғалысының өкілі Эдуард Лобов және өзге де саяси тұтқындар Беларусьте әлі күнге қамауда отыр. Батыс елдері Минскіні саяси тұтқындарға бостандық беруге шақырып келеді.
XS
SM
MD
LG