Accessibility links

Астанада "Антигептил" акциясы өтті


«Антигептил» қозғалысының белсенділері. Астана, 19 қазан 2013 жыл.

«Антигептил» қозғалысының белсенділері. Астана, 19 қазан 2013 жыл.

19 қазанда Астанада «Антигептил» қозғалысының белсенділері қарсылық акциясын ұйымдастырды.

Жергілікті әкімдіктің рұқсатымен өткен шарада белсенділер гептил отынымен ұшатын Ресейдің «Протон-М» зымыран тасығышын Байқоңырдан ұшыруға, қазақ жерінде атом электр станциясын салуға және ядролық қалдықтар әкелуге қарсылықтарын білдірді. Сонымен бірге олар , Қазақстан аумағындағы ресейлік әскери полигондардың барлығын жабуды талап етті.

– Қазақстан өз жеріндегі шетелдік әскери полигондар мен нысандардан толық құтылғанда ғана шынайы тәуелсіздік орнайды деп санаймыз, - деді «Антигептил» қозғалысының белсендісі Болатбек Біләлов.

Бір сағатқа жуық жалғасқан шарадан соң белсенділер Қазақстан жерінде орналасқан шетелдік әскери полигондар мен олардың қандай зиян-зардап әкеліп отырғаны туралы деректер жарияланған газеттер таратты.

Бұған дейін «Антигептил» белсенділері 19 тамызда Астанадағы Ресей елшлігіне барып, Қазақстан жерінен зымыран ұшыруды тоқтатуды талап еткен.

2 шілдеде Байқоңырдан ұша бергенде апатқа ұшыраған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышынан бірнеше жүз тонна улы отын – гептилдің таралуы Қазақстан қоғамында қарсылық акцияларын туғызған еді.

Бірақ қоғамдық белсенділердің қарсылық шаралары 30 қыркүйекте Байқоңырдан ресейлік кезекті «Протон-М» зымыран тасығышының ұшуына бөгет болған жоқ. Сол күні Қазақстан парламентіне үндеу табыс етпек болған бірнеше белсендіні Астанада полиция ұстаған еді.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған. Биыл қаңтарда Қазақстан үкіметі «2013 жылы Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген. Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.
XS
SM
MD
LG