Accessibility links

Сот "бос бөтелке" дауына қатысты шешім шығарды


Назым Мукайяма, Green супермаркетін сотқа берген тұтынушы. Алматы, 18 қазан 2013 жыл

Назым Мукайяма, Green супермаркетін сотқа берген тұтынушы. Алматы, 18 қазан 2013 жыл

Бүгін Жетісу аудандық соты Green сауда орталығының «Время» газетіне қарсы шағымын және Назым Мукайяманың Green сауда орталығына қарсы шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа Назым Мукайяма хабарлады.

Назым Мукайяманың сөзінше, "сот не өзіне не ресми өкіліне ескертпегендіктен" ол бүгінгі сотқа қатыспаған.

- Соттың шешімімен келіспеймін. Енді қалалық, керек болса жоғарғы сотқа дейін шағымданамын, - деді Азаттық тілшісіне хабарласқан Назым Мукайяма.

Биыл мамыр айында Қазақстан азаматы Назым Мукайяма 14 жастағы қызы – Жапония азаматы Аяка Мукайямамен бірге Green сауда орталығына барғанда даулы оқиғаға тап болған. Анасының айтуынша, қызы дүкенге минералды судың бос пластик ыдысын ұстай кірген. Алайда шыға берісте сауда орталығының қызметкерлері қызы мен анасын тоқтатып, «суды ұрладыңдар, ақшасын төлеңдер» деген.

Оның сөзінше, оқиға болғаннан кейін өзі полиция шақыртқан, алайда «ешқандай қылмыс болмағандықтан» қылмыстық іс қозғалмаған.

Бұл іске қатысты жарияланған мақала өздерінің «ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін» айтып, «Время» басылымын сотқа берген Green сауда орталығы газеттен 5 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Кейін "Green"-ді сотқа берген Назым Мукайяма да «ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келгенін» айтып, сауда орталығына дәл 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлетуді талап еткен.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG