Accessibility links

Guardian: АҚШ 35 ел басшысына тыңшылық жасады


Еуропа Одағы елдері басшылары саммит кезінде. Брюссель, 24 қазан 2013 жыл.

Еуропа Одағы елдері басшылары саммит кезінде. Брюссель, 24 қазан 2013 жыл.

Ұлыбританиялық Guardian басылымы "АҚШ арнайы қызметі 35 мемлекет басшыларының телефондағы байланыстарына тыңшылық жасаған" деп хабарлады. Басылым бұл жайында АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуденнен алынған 2006 жылғы құжаттарға сілтеме жасайды.

Құжаттарда нақты бір мемлекет басшыларының аттары аталмағанымен, АҚШ үкіметінің өкілі ұлттық қауіпсіздік агенттігіне Ақ үй, қорғаныс министрлігі және мемлекеттік департамент түзген 200-ден астам телефон нөмірлерін бергені айтылады.

Бұған дейін Батыс басылымдары АҚШ арнайы қызметі Германия канцлері Ангела Меркельдің, Мексиканың қазіргі және бұрынғы президенттерінің телефондағы байланыстарына тыңшылық жасағаны жайлы хабарлаған еді. Бұдан өзге, америкалық арнайы қызмет Франциядағы 70 миллионға жуық телефон әңгімелері мен хабарламаларды жазып алғаны туралы ақпарат тараған.

Ақ үй Германия басшысының "телефоны тыңдалғанын" жоққа шығарған жоқ. Бірақ алда мұндай әрекеттер қайталанбайтынына сендірген.

АҚШ-тың тыңшылық жасағаны туралы ақпараттарға алаңдаушылық Брюссельде өтіп жатқан Еуропа Одағының саммитінде де айтылды. Еуропа кеңесінің төрағасы Херман ван Ромпей Франция мен Германия басшылары Вашингтонмен "арнайы қызметтің жұмысына қатысты түсінісу жұмыстарын жүргізіп жатқанын" айтты.

Еурокомиссия президенті Жозе Мануэль Баррозу "көптеген еуропалықтар телефонындағы әңгімелерін тыңдап, электрондық пошталарын бұзуды мүлдем қаламайды, себебі ол фашистік немесе коммунистік тоталитарлық режимдерді еске түсіреді" деді.

Ол "еуропалықтар үшін дербес мәліметтер мен олардың қауіпсіздігі - фундаменталды құқықтары" деді.

Кейбір еуропалық саясаткерлер тыңшылыққа жауап ретінде Еуропа Одағы мен АҚШ арасында еркін сауда жасасу туралы келіссөздерді тоқтатуға шақырған.
XS
SM
MD
LG