Accessibility links

Меркель телефоны 2002 жылдан бері тыңдалуы мүмкін


Германия канцлері Ангела Меркель. Брюссель, 25 қазан 2013 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель. Брюссель, 25 қазан 2013 жыл.

Немістің Der Spiegel журналы таратқан мәліметтер бойынша, АҚШ барлау қызметі Ангела Меркельдің мобильдік телефонын 2002 жылдан бері, яғни ол Германия үкіметін басқармай тұрған кезден бастап тыңдап келе жатқан болуы мүмкін.

Басылым бұл мәліметтерді тарата отырып, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің жария болып кеткен құжаттарына сүйенетінін жазған. Ол құжаттарда АҚШ-тың ақпарат жинайтын орталықтары 80 елде, соның ішінде Париж, Берлин, Мадрид, Женева, Прага қалаларында болғаны жазылған.

Осы аптада Меркель телефон әңгімелерінің тыңдалатыны туралы ақпарат жөнінде "ондай әрекеттердің дұрыс емес екенін, достардың бірін-бірі аңдымауы қажет екенін" айтты. Бұл ақпаратты талқылау үшін Германия барлау қызметінің өкілдері жақын күндері АҚШ-қа бармақ.

26 қазанда Вашингтон қаласында мыңдаған адамдар АҚШ барлау қызметінің тәсілдеріне наразылық көрсету үшін Капитолий ғимаратының алдына барды. АҚШ барлау қызметінің құпия әрекеттері туралы ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден жариялаған еді. Қазір ол Ресейден уақытша саяси баспана алып, сонда тұрып жатыр. АҚШ оны Ресейден қайтарып беруді сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG