Accessibility links

Сирияға кеткен қырғыз қаза тапты


Сирияға жиһад жасауға бардық деген топ адам. You Tube сайтынан алынған скрин-шот. (Көрнекі сурет)

Сирияға жиһад жасауға бардық деген топ адам. You Tube сайтынан алынған скрин-шот. (Көрнекі сурет)

Қырғызстаннан соғыс жүріп жатқан Сирияға кеткендердің бірі қаза болған. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы Жогорку кеңеш депутаты Өмүрбек Бакиров айтқан.

Оның сөзінше, Қызыл-Қия қаласынан Сирияға кеткендердің көбісі елдеріне қайтып оралған. Қалған екі азаматтың бірі қаза тапқан. Оның қай жақта, қандай жағдайда қаза болғаны белгісіз.

- Қырғызстандықтың қаза тапқаны туралы белгілі болғанына екі айдай болып қалды. Оның қазасы жайында ата-аналары да, қайта оралғандар да еш нәрсе айтпайды, - деді Бакиров.

Бұған дейін Қызыл-Қия қаласы мен Жалал-Абад облысынан он шақты адамның Сирияға кеткені туралы хабарланған еді. Олардың біразы Түркиядан елдеріне қайтарылған.

Сонымен бірге Сирияның бас мүфтиі Ахмад Бадреддин Хассун Сирияда оппозиция жағында соғысып жүрген 1300-ге тарта адамның ТМД елдерінен барғанын айтқан еді.

Бұған дейін YouTube-те 150 қазақстандықтың Сирияға жиһадқа барғаны туралы видео жарияланған. Арабша субтитрлер жазылған, қазақ және орыс тіліндегі шағын сұхбаттардан тұратын видеодағы адамдар өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар - ред.)» деп сипаттайды.
XS
SM
MD
LG