Accessibility links

Грузияда Михаил Саакашвилидің серігі сотталды


Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі Бачо Ахалай.
Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі Бачо Ахалай.
Грузияның бұрынғы қауіпсіздік және ішкі істер министрі, өкілеттігі аяқталып келе жатқан президент Михаил Саакашвилидің серігі Бачо Ахалая "қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды" деген айыппен төрт жылға сотталды.

Бүгін Тбилиси қалалық соты Бачо Ахалаяны 2006 жылы түрмедегі бүлікті басуда шектен тыс күш қолдануда қызмет бабын асыра пайдаланды деп таныды. Түрмедегі бүлік кезінде жеті тұтқын қаза тапқан еді. Ол оқиға кезінде Ахалай түрме жүйесінің басшысы болып тұрған.

Бірақ Бачо Ахалай "айыптың саяси астары бар" деп санап, үкімге шағым түсірмек.

Бачо Ахалай - Михаил Саакашвилидің түрмеге жабылған алғашқы серігі. Ол өткен жылдың соңында тұтқындалған. Саакашвилидің тағы бірнеше серігін алда сот күтіп тұр.

Саакашвилидің бәсекелесі, премьер-министр Бидзина Иванишвили бұған дейін "президенттік өкілеті біткен соң Михаил Саакашвили де жауапқа тартылуы мүмкін" екенін айтқан.

Грузияда 27 қазанда өткен президент сайлауының алдын-ала қорытындысы бойынша Иванишвилидің жақтасы Георгий Маргвелашвили алда келе жатыр.
XS
SM
MD
LG