Accessibility links

АҚШ Грузияны президент сайлауымен құттықтады


Грузия президенті сайлауында жеңіске жеткен Георгий Маргвелашвили (оң жақта) мен премьер-министр Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 28 қазан 2013 жыл.

Грузия президенті сайлауында жеңіске жеткен Георгий Маргвелашвили (оң жақта) мен премьер-министр Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 28 қазан 2013 жыл.

АҚШ Грузияны президент сайлауын бейбіт түрде өткізуімен құттықтап, "дауыс беру грузин халқының еркін білдіреді" деп атады.

"АҚШ ЕҚЫҰ бақылаушыларының Грузиядағы сайлау ашық және конструктивті жағдайда өтті деген бағасымен келіседі" делінген АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемеде.

Бұған қоса мәлімдемеде халықаралық бақылаушылардың "жергілікті деңгейдегі дауыс беру кезінде саяи қысым көрсетілді" деген сынын да АҚШ-тың ескеретіні айтылған. Вашингтон Грузия үкіметін дауыстарды толық санап, "сайлау кезіндегі кез-келген заң бұзушылықты заңға сай реттеуге" шақырды.

АҚШ мемлекеттік департаменті Грузияның барлық саяси күштерін саяси тұрақтылық пен азаматтық қоғамды нығайтуға жұмыс істеуге шақырған.

Грузияда 27 қазанда президент сайлауы өткен еді. Орталық сайлау комиссиясы берілген дауыстарды түгелге жуық санап, премьер-министр Бидзина Иванишвилидің жақтасы Георгий Маргвелашвилидің 62 пайыз дауыспен жеңіске жеткенін хабарлады. Оның басты қарсыласы - президент Михаил Саакашвилидің серігі Давид Бакрадзе 22 пайыз дауыс жинаған.

Сайлау қорытындысы жария болған соң өткізген баспасөз жиынында Маргвелашвили Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға дайын екенін мәлімдеген.

Жаңа президентті ұлықтау рәсімі 17 қарашада өтпек.
XS
SM
MD
LG