Accessibility links

Тәжікстан Сирияда азаматтары жүргенін растады


"Қазақстаннан Сирияға жиһад жасауға бардық" деген топ адам. YouTube сайты видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

"Қазақстаннан Сирияға жиһад жасауға бардық" деген топ адам. YouTube сайты видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

Тәжікстан президентінің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарипов "Сирияда оппозициялық топтар жағында соғысып жүрген шетелдіктер арасында тәжік азаматтары да бар" деген ақпаратты растады.

Абдуфаттох Шарипов Азаттықтың Тәжік қызметіне берген жауабында Сирияда президент Башар Асад билігіне қарсы оппозиция жағында соғысып жатқан тәжікстандықтар "елге оралса, Тәжікстанның қауіпсіздігіне қатер төндіретінін" айтқан.

Оның сөзінше, ресми Душанбе Дамаскіден Сирия территориясында "соғысып жүрген тәжікстан азаматтары" жайлы толық ақпарат беруді сұрамақ.

Сирияның бас мүфтиі Ахмад Бадр Хассун өткен аптада Мәскеуге сапарында "Сирия аумағында 100 мыңға тарта шетелдік оппозиция жағында соғысып жүр" деген еді. Мүфтидің дерегі бойынша, шетелдіктер қатарында 80-нен астам елдің (оның ішінде АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа елдері мен постсоветтік мемлекеттердің) азаматтары бар. Ахмад Бадр Хассун Сирия аумағындағы соғысқа Тәжікстаннан - 190, Қазақстаннан 250-ге тарта адам қатысып жатқанын айтқан.

Бұған дейін YouTube-те 150 қазақстандықтың Сирияға "жиһадқа" барғаны туралы видео пайда болған еді. Арабша субтитрлер жазылған, қазақ және орыс тіліндегі шағын сұхбаттардан тұратын видеодағы адамдар өздерін «Сирияға жиһад жасау үшін хижра қылғандар (қоныс аударғандар - ред.)» деп сипаттайды.

Азаттық осы видеодағы бірнеше адамды анықтады.
XS
SM
MD
LG