Accessibility links

Қытай Пекиндегі "жарылысқа жауаптыны" атады


Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжоу 28 қазанда Пекиннің "Тяньаньмэнь алаңында болған көлік жарылысына "Шығыс Түркістан ислам қозғалысының" содырлары жауапты" деп мәлімдеді. Бірақ ол бұдан өзге ақпарат бермеді.

28 қазанда Тяньаньмэнь алаңында жүрген жұрт арасына кіріп кеткен автокөлік алдымен жарылып, одан кейін өртенген еді. Оқиға алаңның солтүстік бөлігінде, «Жабық қалаға» кіретін қақпаға жақын тұстағы Мао Цзе Дуньнің үлкен суреті ілінген маңда болған. Кейін билік орындары оқиға салдарынан автокөлікте отырған үш адам және сол маңда жүрген екі жаяу жүргінші қаза болғанын мәлімдеді. Кейбір баспасөз құралдары "бұл оқиғадан 38 адам жараланған, арасында шетелдік туристер мен полиция өкілдері бар" деп хабарлады.

Пекин полициясы жарылысқа ұйғыр азаматтары - ер адам мен оның әйелі және шешесі кінәлі деп хабарлаған. Полиция бұдан өзге "шабуыл жасауға сөз байласты және террорлық актілер жоспарлады" деген күдікпен аты-жөні этникалық ұйғыр екенін білдіретін бес азаматты тұтқындаған.

"Шығыс Түркістан ислам қозғалысы" Пекиндегі жарылыс жауапкершілігін мойнына алған жоқ.
XS
SM
MD
LG