Accessibility links

Еуропа Кеңесі Бакуді саяси тұтқындарды босатуға шақырды


Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс. Мәскеу, 11 сәуір 2013 жыл.

Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс. Мәскеу, 11 сәуір 2013 жыл.

Еуропа Кеңесінің адам құқығы жөніндегі комиссия басшысы Нильс Мужниекс Әзербайжанды Еуропа Кеңесіне төрағалық етпес бұрын елде либералдық өзгерістер жасауға шақырды.

Азақттық радиосына берген сұхбатында Мужниекс ресми Бакуді негізсіз айыптаулар бойынша түрмеде отырған әзербайжандық белсенділерді, журналистер мен оппозиция өкілдерін бостандыққа шығаруға, сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігін іс жүзінде құрметтеуге үндеді.

Еуропа Кеңесіндегі ауысым принципі бойынша, 2014 жылы мамырда Әзербайжан жарты жылға осы кеңеске төрағалық міндетін атқаруға кірісуі тиіс.

Өткен айда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев мұсылмандардың Құрбан айт мерекесіне орай 152 тұтқынға рақымшылық жариялаған соң билікті сынаушы бірқатар тұлғалар түрмеден босап шыққан еді. Бірақ оппозиция белсенділері мен құқық қорғаушылар рақымшылыққа «саяси себептермен сотталған» өзге де тұтқындар ілінбей қалғанына наразылық білдірген.

Әзербайжанда биыл 9 қазанда өткен президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 85 пайызының қолдауына ие болған Ильхам Әлиев осымен үшінші мерзімге Әзербайжан президенті болып сайланды. Оппозиция сайлаудың ресми нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары «дауыс беру процесі кезінде кемшіліктер мен бірқатар мәселелер ұдайы байқалғанын» айтқан еді. АҚШ үкіметі ЕҚЫҰ бағасына қолдау білдірген.

Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясы «сөз бостандығына қатысты кейбір мәселелер болғанына қарамастан сайлау ашық, әрі демократиялық түрде өтті» деп баға берген.
XS
SM
MD
LG