Accessibility links

Саакашвили экс-министріне рақымшылық жариялады


Грузияның бұрынғы ішкі істер министрі Бачо Ахалая. Тбилиси, 6 қараша 2012 жыл.
Грузияның бұрынғы ішкі істер министрі Бачо Ахалая. Тбилиси, 6 қараша 2012 жыл.
Грузия президенті Михаил Саакашвили елдің бұрынғы ішкі істер министрі Бачо Ахалаяға рақымшылық жариялады. Экс-министрдің адвокаты Гиорги Онианидің айтуынша, рақымшылық туралы өтінішті Ахалаяның өзі емес, оның отбасы берген. Ахалая өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Тбилиси соты 28 қазандағы үкімімен «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды» деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айырған Бачо Ахалая – Михаил Саакашвилидің түрмеге жабылған алғашқы серігі. Сот оны «түрме жүйесінің басшысы болып тұрған 2006 жылы түрмедегі бүлікті басуда шектен тыс күш қолдануда қызмет бабын асыра пайдаланған» деп таныды. Түрмедегі сол бүлік кезінде жеті тұтқын қаза тапқан еді.

Михаил Саакашвилидің президенттік өкілі енді екі аптадан соң аяқталады. Оның саяси бәсекелесі премьер-министр Бидзина Иванишвили өткен аптаның соңында, өзі жақында отставкаға кеткен соң орнына Грузияның қазіргі ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвили қалатынын мәлімдеген.

Грузияда 27 қазанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, Саакашвилидің бәсекелесі Иванишвилидің жақтасы Георгий Маргвелашвили жеңіске жеткен.

Иванишвили бұған дейін «президенттік өкілеті біткен соң Михаил Саакашвили де жауапқа тартылуы мүмкін» екенін айтқан еді. Саакашвилидің тағы бірнеше серігін алда сот күтіп тұр.
XS
SM
MD
LG