Accessibility links

Күдіктіні азаптағаны үшін екі полицей сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Жұма күні Ақмола облысы Астрахан аудандық соты «адам азаптады» деп айыпталған полицияның екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Облыстық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астрахан аудандық ішкі істер бөлімінің криминалды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Жамбыл Сүлейменов пен жедел уәкілі Игорь Фоменконың ісін қараған аудандық сот олардың «адам азаптағаны туралы қылмысы дәлелденді» деп тауып, екеуін де үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Жазаны жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуді белгілеген.

Сот материалдарында Сүлейменов пен Фоменко екі бұзаудың ұрланғаны туралы қылмыстық істі тергеу кезінде «лауазымдық өкілеттіктерін асырып, бақташы болып жұмыс істейтін азаматқа ұрлықты мойнына алғызу үшін өздерінің қызмет кабинетінде оған психологиялық қысым көрсетіп, бау байланған қатты резеңке затпен ұрып-соққаны» айтылған. Бірақ мақсаттарына жете алмаған соң олар жәбірленушіні үйіне босатқан.

«Қылмыстық кодекске сәйкес, Сүлейменов полиция майоры шенінен, Фоменко – полиция кіші лейтенанты шенінен және екеуі де мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан екі жылға айырылды» деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі күшіне әлі енбегендіктен сотталған бұрынғы екі полицейдің апелляциялық шағым беруге уақыты бар.
XS
SM
MD
LG