Accessibility links

Астанада екі әйел кранға шығып алды


Әйелдер шығып алған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Әйелдер шығып алған кран. Астана, 11 қараша 2013 жыл.

Астаналық қос тұрғын 11 қарашаға қараған түні наразылық танытып Есіл өзенінің сол жағалауында құрылыс кранының басына шығып алды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сандуғаш Серікбаева мен Ұйым Жолдасбаева Азаттық тілшісімен телефон арқылы әңгімесінде "мемлекет мұқтаждығына қажет" деген себеппен сүрілгелі отырған үйлеріне берілетін өтемақы мөлшерімен келіспейтіндерін айтады.

Әйелдер шығып алған құрылыс краны Астанадағы Назарбаев университеті мен Назарбаев интеллектуалдық мектебіне жақын маңдағы құрылыс алаңында тұр. Ал әйелдер тұратын үй құрылыс алаңының ортасында орналасқан.

Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, сот орындаушылары бұған дейін олардың отбасын бүгін, 11 қарашада көшіретінін ескерткен. Серікбаеваның сөзіне қарағанда, өткен аптада оның банктегі есеп-шотына сот шығарған шешімге сай өтемақы ақшасы аударылған. Бірақ ол өтемақы мөлшерімен келіспейтінін айтады.

Әйелдердің туыстарының айтуынша, шағын ғана үйде олар тоғыз баламен тұрып жатыр. Оларға өтемақы ретінде бес миллион теңге ұсынылған. Әйелдер соттың өтемақы туралы шешімін жоюды талап етеді.
XS
SM
MD
LG