Accessibility links

Иран-Ұлыбритания елшілік қатынасы қайта жанданды


Ирандықтар Ұлыбритания елшілігіне тиісті ғимаратқа басып кірмекке ұмтылуда. Тегеран, қараша 2011 жыл. Көрнекі сурет
Ирандықтар Ұлыбритания елшілігіне тиісті ғимаратқа басып кірмекке ұмтылуда. Тегеран, қараша 2011 жыл. Көрнекі сурет
Ұлыбритания мен Иран бір-біріне елші міндетін уақытша атқаратын дипломат тағайындап, қарым-қатынасын қалпына келтіре бастады. Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, министрліктің Иран істері бойынша департаментінің басшысы Аджай Шарма осы елдің Ирандағы елші қызметін уақытша атқарушысы болып тағайындалған.

Ал Иранның Mehr ақпарат агенттігі Тегеран Мухаммад Хасан Хабиболланы Ұлыбританиядағы елші қызметін уақытша атқарушы етіп бекіткенін хабарлады.

Қос дипломат Тегеран мен Лондонда үнемі болмайды, тек тұрақты түрде сапармен барып тұрады.

Лондон мен Тегеранның дипломаттарды тағайындауы Хассан Роухани президент болып сайланғаннан кейін Иран мен Батыс елдері қарым-қатынасының жандана бастағанын білдіреді.

Ұлыбритания Ирандағы елшілігін 2011 жылдың қарашасында жапқан еді. Елшіліктің жабылуына Ұлыбританияның Иранға санкция салғанына наразылық танытқан студенттердің Тегерандағы ағылшын елшілігіне тиесілі ғимаратқа басып кірмек болғандығы себеп болған. Елшіліктің жабылуына жауап ретінде Иран Ұлыбританиядағы дипломаттарын кері шақырып алған еді.
XS
SM
MD
LG