Accessibility links

Петропавлда мас күйде көлігімен полицейлерден қашпақ болған полицей екі әйелді қағып кетті деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бүгін хабарлауынша, жол-патруль полициясының батальоны қала көшелерінің бірінде көлік тоқтауға рұқсат етілмеген жерде "Мерседес" көлігін ұстаған. Көлік жүргізушісі - қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері жол-патруль полициясының құжат көрсету талабына мойынсұнбай қашпақ болып, екі әйелді қағып кеткен.

"Жеңіл жарақаттанған әйелдер медициналық көмек алды. Көлігін тастап қашпақ болған полицей ұсталды" дейді баспасөз қызметі.

Оқиғаға байланысты айғақ материалдар жиналып, тиісті шешім қабылдану үшін сотқа жіберілген.

Петропавлда полицейдің мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болған оқиға бұған дейін де болған еді. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы қызметкері, полковник Владимир Зиборовтың мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше көлікке соғылғаны жайлы видео Youtube-ке тарап кеткен соң полицей жұмыстан шығарылған.
XS
SM
MD
LG