Accessibility links

БҰҰ: Филиппинге 301 миллион доллар көмек керек


БҰҰ Филиппинде болған "Хайан" тайфунының зардаптарын жою үшін 301 миллион АҚШ доллары көлемінде халықаралық қаржылай көмек сұрады. БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша орынбасары Валери Амостың айтуынша, халықаралық қауымдастықтан сұралған бұл сомаға жедел көмек қорынан бөлінген 25 миллион АҚШ доллары кірмейді.

Валери Амос қазір құтқару жұмыстарына басшылық жасау үшін Манилада (Филиппин астанасы - ред.) жүр. Бірнеше ел Филиппинге көмектесу үшін кемелері мен ұшақтарын жіберген. Бірақ журналистер инфрақұрылым қатты зардап шеккендіктен, елдің көптеген аудандарына жету әлі қиын екенін айтады.

Филиппин президенті Бениньо Акино CNN-ге берген сұхбатында 8 қараша күні соққан тайфуннан құрбан болғандар саны бұған дейін болжанғандай 10 мың емес, 2 мың 500-дей мың адам болуы мүмкін екенін айтты. 11 қараша күнгі ресми дерек бойынша, құрбан болғандар саны 1 мың 800 адам болған.

Филиппинде соққан дауылдың жылдамдығы сағатына 275 километрге, толқындардың биіктігі 5-6 метрге жеткен. Дауыл Қытай мен Вьетнам жағалауларына да жетіп, 600 мыңға тарта адам басқа жаққа көшірілген.
XS
SM
MD
LG