Accessibility links

Министр Қашаған мұнайына қатысты жауап берді


Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл.

Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл.

Каспий теңізінің Қашаған кенішінен мұнай желтоқсанның екінші жартысынан бастап, газ сыртқа шығып жатқан құбырларды сараптау жұмыстары аяқталған соң қайта өндіріле бастауы мүмкін. Бұл туралы бүгін мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің сөзіне сілтеме жасаған Қазақстан ақпарат агенттіктері хабарлады.

Парламент мәжілісінде болған отырыстан соң журналистердің мұнай қашан қайта өндіріле бастайтыны туралы сұрақтарына Қарабалин "Ол барлық сараптамалар аяқталған соң белгілі болады. Мердігерлер ол жұмыстар желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін дейді" деген.

Соңғы жылдары ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі - Қашағанды игеріп жатқан North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды 11 қыркүйек өндіре бастаған еді. Бірақ 24 қыркүйекте теңіздегі жасанды "Д" аралынан зауытқа баратын газдың сыртқа шығып жатқаны анықталып, ондағы барлық скважиналардан мұнай өндіру уақытша тоқтатылған. Кеніштен мұнай қазанның басында қайта өндіріле бастаған.

Бұдан соң көп ұзамай кешеннің басқа бір жерінен газ сыртқа шығып жатқаны анықталып, мұнай өндіру қайта тоқтатылған.

Қашаған кен орнын барлаған мұнай компаниялары мұндағы мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағалайды. Кенішті іске қосу жұмыстарына 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсалған. Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді.

Қашаған жобасында қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының да үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алған.
XS
SM
MD
LG