Accessibility links

АҚШ-та мұнай өндіру импорттан асты


Биыл қазан айында АҚШ-та өндірілген мұнай көлемі соңғы 20 жылда бірінше рет импортталған мұнай көлемінен асып түсті. Бұл туралы АҚШ энергетика министрлігінің статистикалық басқармасы хабарлады.

Басқарманың дерегінше, қазанда АҚШ-та орта есеппен күніне 7,74 миллион баррель мұнай өндірілген. Ал бір күндік импорт көлемі 7,57миллион баррельден айналған. Бұған қоса АҚШ-тың мұнай өнімдері, оның ішінде бензин импортының көлемі 1991 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түскен.

Статистикалық басқарманың есептеулеріне сай, өндірілетін мұнайдың көбейіп, импортталатын мұнайдың азаю үрдісі жақын келешекте де сақталып қалады. Болжам бойынша 2014 жылы АҚШ-та өндірілетін мұнай көлемі күніне 8,5 миллион баррельге жетуі мүмкін.

Мұнай өндіру көлемінің артуы Техас және Солтүстік Дакота штаттарында ірі мұнай кеніштерінің игеріле бастауымен байланысты делінеді.

Президент Барак Обама әкімшілігі қазан айындағы АҚШ-тағы мұнай өндіру көрсеткішін маңызды жетістік деп атады.

Мұнай өндірудің артқанына қарамастан, АҚШ - әлемде мұнай импорттайтын ең ірі ел.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG