Accessibility links

Пост-советтік елдер екі одақтың қайсысын таңдайды?


Астанада өткен ЕҚЫҰ (OSCE) саммиті. 1 желтоқсан 2010 жыл.
Астанада өткен ЕҚЫҰ (OSCE) саммиті. 1 желтоқсан 2010 жыл.

Еуропа Одағы бұрынғы совет елдерін экономикалық кеңістігіне тартқысы келеді. Кеден Одағында ықпалды Ресей мұны өз мүддесіне Батыстың қол сұғуы деп бағалайды. Қазақстан рөлі қандай?

Қарашаның 28-29-ы күндері Вильнюсте өтетін “Шығыс әріптестігі” саммитінде Еуропа Одағы (ЕО) өкілдері бұрынғы совет елдерінің бірнеше басшысымен кездеседі.

Саммитке Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина шақырылған. Бұл жиында ЕО, Молдова және Грузия арасында еркін сауда туралы келісім жасасу мүмкіндігін талқылау және Украинамен ЕО арасындағы келісімге қол қою жоспарланған.

Қараша ТМД елдері басшылары үшін мазасыз ай болды. Олардың алдында «Сауда саласында ЕО мен Кеден Одағының қайсысын таңдасақ?» деген сауал тұр.

Әзербайжан Кеден Одағына кіруден бас тартты, Грузия әлі ойланып отыр, ал Армения Кеден Одағына кіруді бастады. Украина мен Молдова түпкілікті шешімді әлі қабылдаған жоқ.

УКРАИНА МЕН ЕО

Ресей басшылары бұрынғы одақтық республикалардың ЕО-мен жақындасу процесіне араласпаймыз деп мәлімдеді. Бірақ «егер бұл елдер ЕО-мен келісімге қол қойса, сауда қатынастарын үземіз» деп қыр көрсетті. Мұндай ескерту Украинаға жасалды.
Украинадағы "орыс маршына" келгендер Еуропа Одағының туын өртеп жатыр. Симфереполь, 3 қараша 2013 жыл.
Украинадағы "орыс маршына" келгендер Еуропа Одағының туын өртеп жатыр. Симфереполь, 3 қараша 2013 жыл.
Украинада Еуропа нарығына енуді көздейтін ірі кәсіпкерлер көп. Сондықтан олар Кеден Одағына кіруге пейілді емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында ЕО-мен жақындасу мүмкіндігі қызу талқыланғаннан бері Кеден Одағына кіруді жақтайтындар саны азайып келеді.

Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, Кеден Одағы аясындағы интеграцияны екі жыл бұрын халықтың жартысына жуығы қолдаса, қазір қолдаушылар саны респонденттердің үштен бірінен әрең асады.

Еуропа нарығы Украина тауарларына есігін ашса, өндірушілер бәсекеге төтеп беру үшін тауар сапасын жақсартуға мәжбүр болады. Оның үстіне, Еуропа нарығы Ресейге қарағанда көлемдірек. Украина Ресей газына кіріптарлықты барынша төмендеткісі келеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын жылына 50 миллиард текше метр газ импорттаған Украина қазір бұл көлемді екі есеге қысқартты, әлі де кемітуді жоспарлайды.

Бірақ ЕО-ның өз стандарттары бар. Сауда келісіміне қосылған мемлекеттердің бүкіл өнімі еуропалық талаптарға сай болуы тиіс. Екі одақтың кедендік тарифтері де әртүрлі. Демек, Украинада өндірілген тауарлар Кеден Одағымен еркін сауда аймағына енгізілген жеңілдіктерді пайдалана алмайды және оларға қолайлы жағдай жасалмайды.

Мамандардың пікірінше, еуростандарттарды енгізу үшін Украинаға 100 миллиард еуро шамасында инвестиция қажет. Украинада мұндай қаржы жоқ.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ КЕДЕН ОДАҒЫ

Алматылық блогшы Кәкім Данабаевтың пікірінше, Кеден одағына кіргелі Қазақстан нарығында Ресейдің бәсекеге қабілетті тауарлары қаптап кетті.

- Біздің сүт өнімдеріміздің Ресей өндірушілерімен тікелей бәсекеге түскені қазірдің өзінде байқалады. Бізге Ресей автомобильдері де, олармен бірге Ресейде зауыттары бар шетелдік брендтер де келіп жатыр. Бұл сапаға да, бағаға да әсер етеді, - дейді блогшы Азаттық тілшісіне.

Алматылық Қанат Сапарханов «Кеден Одағына кірудің пайдасын билік қана көрді, халық ұтылды» деп есептейді.

- Ресейдің Қазақстанға әсіресе импорт-экспорт операциялары бойынша ықпалы артып келеді. Қазақ нарығын Ресей мен Беларусь өнімдері жайлап ала ма деп қорқамын, - дейді ол.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин екі елдің аймақаралық ынтымақтастық форумында отыр. Екатеринбург, 11 қараша 2013 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин екі елдің аймақаралық ынтымақтастық форумында отыр. Екатеринбург, 11 қараша 2013 жыл.
Ресей мен Қазақстанның қарашаның 11-і күні Екатеринбургте өткен аймақаралық ынтымақтастық форумында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан үшін Кеден Одағына кіру ұтымды болды, бұл - ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы» деп мәлімдеді.

- Еуразиялық Одақ – советтік... яғни пост-советтік кеңістіктегі интеграцияның ең жоғарғы деңгейі болады, - деп түйіндеді Назарбаев.

Кейбір сарапшылар «ЕО-мен алдағы бес жылға еркін сауда-саттық туралы келісімге қол қойған елдер СССР күйреген кездегідей күйзеліске тап болады. Еуропаның арзан әрі сапалы тауарлары Украина, Молдова және Грузия нарығынан жергілікті өнімдерді ығыстырып шығарады» деп болжайды.

Ресейге бүйрегі бұратын сарапшылардың болжауынша, «бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық өседі, халықтың тұрмысы нашарлайды».

Кейбір Батыс экономистерінің айтуынша, Кеден Одағына кіретін ТМД елдерінің ұтқанынан жоғалтатыны көп болады. Мысалы, «Америка ұлттық демократия қорының» директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Джуди Шелтон Азаттық тілшісіне «Бұрынғы советтік республикаларды Кеден Одағына тартуға тырысқан Ресей бұрынғы СССР аумағында өз үстемдігін қайта орнатуды ғана көздемейді. Егер басқа елдер, мысалы Украина еуропалық ел сияқты табысқа жете алатынын немесе әлемде дербес тәуелсіз ел ретінде саясат жүргізе алатынын көрсетсе, Ресейдің аймақтағы қазіргі позицияларына үлкен қауіп төнеді» дейді.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG