Accessibility links

Түрмедегі Pussy Riot мүшесі ауруханаға түсті


Pussy Riot тобының мүшесі Надежда Толоконникова сот залында тұр. Ресей, 26 шілде 2013 жыл.

Pussy Riot тобының мүшесі Надежда Толоконникова сот залында тұр. Ресей, 26 шілде 2013 жыл.

Ресей түрмесінде жазасын өтеп жатқан Pussy Riot панк-тобының мүшесі Надежда Толоконникова Сібірдегі түрмеге жеткізілген соң туберкулезбен ауырғандарды емдейтін диспансерге жатқызылған. Бұл туралы Толоконникованың күйеуі Петр Верзилов хабарлады.

Оның айтуынша, 14 қарашада телефон арқылы сөйлескен Толоконникова таяуда жариялаған аштықтан кейін әлсірегенін, қазір Красноярск қаласындағы аймақтық туберкулезден емдеу диспансерінде жатқанын жеткізген.

Ресей билік өкілдері Толоконникованың Мордовия Республикасындағы түрмеден Красноярск өлкесіндегі түзеу колониясына жеткізілгенін растаған. Ол қыркүйек айында Мордовиядағы түрме басшыларының "тұтқындарға шамадан тыс жұмыс істетуіне және өзін өлтіретінін айтып, қорқытуына" қарсы аштық жариялаған еді.

2012 жылы ақпанда Мәскеудегі құтқарушы Ғайса ғибадатханасында «Құдай ана, Путинді қуа көр!» деп ән айтқаны үшін Pussy Riot панк-тобына мүше үш қыз - Надежда Толоконникова, Мария Алехина және Екатерина Самуцевичтің үстінен «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 17 тамызда әрқайсысы екі жыл мерзімге сотталған. Екатерина Самуцевич 2012 жылы қазанда жазасы шартты мерзімге ауыстырылып, бостандыққа шыққан.
XS
SM
MD
LG