Accessibility links

Адам ұстап беру жайлы Италиямен шарт жобасы мақұлданды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Италия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарттың жобасын мақұлдау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы презденттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының бас прокуроры Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевқа Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Адамдарды ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін» делінген құжатта.

Жарлық қол қойылған күннен, яғни 2013 жылғы 11 қарашадан күшіне енді.

Бұған дейін екі ел арасында адамдарды ұстап беру туралы келісім болмаған.

Қуғындағы қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаеваны кәмелетке толмаған қызымен биыл 29 мамыр күні Италия полициясы Римде ұстап, 31 мамырда оларды Қазақстанға депортациялаған еді.

Кейін Италия үкіметі депортация туралы шешім заңсыз екенін мәлімдеп, бұған қатысты кінәні мойнына алған Италия ішкі істер министрлігінің лауазымды шенеунігі отставкаға кеткен. Шалабаеваны депортациялау ісі Италия парламентінде ішкі істер министріне сенім білдіру мәселесін қарауға түрткі болған.
XS
SM
MD
LG