Accessibility links

Польша министрі қолсағаты үшін қызметтен кетті


Rolex қолсағаты. (Көрнекі сурет)
Rolex қолсағаты. (Көрнекі сурет)
Польшада заң ережесін бұзған деген күдікке қалған елдің көлік министрі Славомир Новак жұма күні өз еркімен қызметтен кетті.

Мұның алдында прокуратура министр Новактың құны 6600 АҚШ долларына бағаланатын қолсағатын "салық декларациясында көрсетуді ұмытқаны" жайлы мәлімдеген еді.

Саяси серіктесінің отставкаға кетуді сұрап берген өтінішін қабыл алғанын журналистерге жеткізген Польша премьер-министрі Дональд Туск, "егер тергеу барысында оның кінәсіз екендігі дәлелденсе, әріптесінің қайтадан үкімет құрамына оралғанын қуана қабылдайтынын" айтқан.

Бұл оқиға премьер-министр басқаратын «Азаматтық платформа» партиясын тағы да ыңғайсыз жағдайда қалдырып отыр. Бұған дейін жоғары лауазымды қызметтегі партия мүшелерінің мемлекеттік қызметшінің этикасына қайшы іс-әрекеттері туралы сын айтылған еді.

2015 жылға белгіленген бүкілхалықтық сайлауға қатысуға дайындалып жатқан билік партиясы абырой-беделіне кір жұқтырмауға тырысып келеді.
XS
SM
MD
LG