Accessibility links

Әнші Ермек Серкебаев қайтыс болды


Әнші Ермек Серкебаев.
Әнші Ермек Серкебаев.
Қазақстандық танымал әнші Ермек Серкебаев ұзаққа созылған ауыр науқастан соң бүгін Алматыда қайтыс болды.

Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 1926 жылы 4 шілдеде Солтүстік Қазақстанда дүниеге келген. 1951 жылы Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясын вокал бойынша бітірген. Кейін сол консерваторияда оқытушы болып істеген.

Дарынды әнші студент кезінен Абай атындағы опера және балет театрының шығармашылық ұжымында еңбек етті. Ол қазақстандық композиторлардың «Біржан мен Сара», «Абай», «Амангелді», «Ер тарғын», «Дударай» сияқты операларында, сонымен бірге «Фауст», «Евгений Онегин», «Пиковая дама» сынды операларда партияларды, сонымен бірге қазақтың халық әндерін және шетел композиторларының шығармаларын орындады. Көркем фильмдерде рольдерде ойнады.

Ермек Серкебаев СССР халық әртісі (1959), Социалистік Еңбек Ері (1986) атағына ие болды. СССР және Қазақ ССР мемлекттік сыйлығының лауреаты атанды. Бірнеше рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды.

Марқұммен қоштасу рәсімі 18 қарашада Алматыдағы Абай атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.
XS
SM
MD
LG