Accessibility links

Первез Мушаррафқа айып тағылды


Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф.
Пәкістанның бұрынғы президенті Первез Мушарраф.
Пәкістанның экс-президенті Первез Мушаррафқа "мемлекетке опасыздық жасады" деген айып тағылып, енді ісі сотта қаралмақ. Елдің ішкі істер министрі Чодри Нисар Али Ханның айтуынша, бұрынғы генералға "2007 жылы елде төтенше жағдай жариялап, конституция күшін тоқтатқаны үшін" айып тағылған.

Үкімет әділет министрлігіне Мушаррафтың сотын жүргізу үшін жоғарғы соттың үш судьясынан құралған трибунал жасақтауды міндеттемек. Бүгін бұл іс бойынша арнайы прокурор тағайындалуы тиіс.

Мушарраф "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен сотталатын алғашқы әскери жетекші болайын деп отыр.

Ол осыдан екі аптадай бұрын кепіл төлеп үйқамақтан босатылған еді. Биыл көктемде парламент сайлауына қатысу үшін шетелден отанына қайта оралған соң Мушарраф билік түрлі себептермен сайлаудан шеттетіліп, кейін үйқамаққа алынған.

Первез Мушарраф 1999 жылы сол кездегі премьер Наваз Шариф үкіметін төңкеріс арқылы құлатып, билікке келген. Тоғыз жыл бойы осы елдің премьер-министрі, кейіннен президенті болған ол 2008 жылы отставкаға шығып, шетелге кеткен еді.

Пәкістанда тәуелсіздік алған 1947 жылдан бері елде үш рет әскери төңкеріс болды.
XS
SM
MD
LG