Accessibility links

Астана: ДСҰ-ға кіру келіссөзі күрделі жүріп жатыр


Астананың ет базарында. 7 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Астананың ет базарында. 7 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында мемлекеттен берілетін ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты келіссөздері күрделі жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада үкімет сағатында Қазақстан экономика және бюджетті жоспарлау министрі Жанар Айтжанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан ДСҰ талап ететін мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығының дамуына және ауыл инфрақұрылымын салуға субсидияларды шектеусіз бере алады және оның көлемін ДСҰ-ға кіргеннен кейін де арттыра береді. Оның айтуына қарағанда, қазір ауыл шаруашылығына арналған мемлекетітк субсидияның көлемі 47,4 миллиард теңгені құрайды.

Айтжанованың болжауынша, Қазақстан ДСҰ-мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер ететін субсидиялардың көлеміне қатысты келіспей қалуы мүмкін. Ол бұған қоса Қазақстан қазір Еуропа Одағымен ДСҰ-ға кірген жағдайда қолданатын кедендік баж алымдарының ең жоғарғы мөлшеріне қатысты келіссөзді аяқтап қалғанын айтады.

Министр Қазақстан ДСҰ-ға ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты келіссөздер аяқталғанда кіретінін, келіссөздер 2014 жылы аяқталуы мүмкін екенін айтады.

Қазақстан ДСҰ-ға кіруге 1996 жылы өтініш беріп, сол жылы ұйымға бақылаушы ел мәртебесін алған.
XS
SM
MD
LG