Accessibility links

Бейруттағы жарылыста Иран дипломаты мерт болды


Бейруттағы Иран елшілігі маңында болған жарылыстардан Иранның осы елдегі мәдени істер жөніндегі атташесі Ибрахим Ансари қаза тапты.

Кеше Ливан астанасының оңтүстік бөлігіндегі Иран елшілігі маңында қатарынан екі жарылыс болған еді. Көлік пен мотоциклге орнатылған бомба жарылысынан 23 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Иран елшісі Газанфар Рукн Абадидің өзі аман.

Елшілік Бейруттағы Иран мен Сирия қолдайтын шииттік "Хезболла" ұйымы бекінген ауданында орналасқан. Жарылысқа жауапкершілікті Ливанда орналасқан "Әл-Қаидамен" байланысы бар ұйым мойнына алды.

Елшілік орналасқан аудан бұған дейін де Сирия көтерілісшілерінің шабуылына ұшыраған еді. Сириялық көтерілісшілер шабуылды "Хезболланың" Башар Асадты қолдауына жауап деп түсіндірген.

"Хезболла" ұйымы маусымның басында Сирия үкіметі әскерінің Ливанмен шекарадағы Кусейр қаласында көтерілісші топтарға қарсы ұрыстарда үлкен жеңістерге жетуінде маңызды рөл атқарған.
XS
SM
MD
LG