Accessibility links

Ауған президенті сайлауына үміткерлер белгілі болды


Абдул Рахман Хотак - Ауғанстан сайлау комиссиясының басшысы.

Абдул Рахман Хотак - Ауғанстан сайлау комиссиясының басшысы.

Ауғанстанның сайлау комиссиясы келесі жылы 5 сәуірде болатын президент сайлауына үміткер 11 адамның түпкілікті тізімін жариялады.

Тәуелсіз сайлау комиссиясының басшысы Абдул Рахман Хотактың айтуынша, бұған дейін сайлаудан шеттетілген үміткер Дауд Султанзой тізімге қайта енгізілген. Дауд Султанзой - Газни уәлаятынан сайланған парламент депутаты.

Қалған 10 үміткердің тізімі қазан айында бекітіліп қойған. Олардың арасында бұрынғы сыртқы істер министрлері Абдулла Абдулла мен Залмай Расул, бұрынғы қаржы министрі Ашраф Гани, президенттің бұрынғы аға кеңесшісі Хидаят Амин Арсала, бұрынғы қорғаныс министрі Абдул Рахим Вардак, президент Хамид Карзайдың ағасы Каюм Карзай, ауғандық салафилердің жетекшісі Абдул Раб Расул Сайф бар.

Абдул Рахман Хотак сәуірде болатын уәлаят сайлауларына 2700-ге тарта үміткер тіркелігенін, оның 308-і әйелдер екенін де айтты. Оның сөзінше, үміткерлерді іріктеу "әділ, тәуелсіз және ешқандай қысымсыз" жүргізілген.

Қазіргі президент Хамид Карзай Ауғанстан конституциясы бойынша келесі сайлауға түсе алмайды.
XS
SM
MD
LG