Accessibility links

Украина: Тимошенкоға қатысты заң қабылданбады


Юлия Тимошенко, Украинаның бұрынғы премьер-министрі.
Юлия Тимошенко, Украинаның бұрынғы премьер-министрі.
Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне рұқсат ететін заң жобасын қабылдай алмады.

Жоғарғы Рада бүгін Тимошенко және өзге де тұтқындардың емделуіне мүмкіндік жасайтын алты заң жобасын кері қайтарды. Украина оппозициясы президент Виктор Янукович заң жобаларын әдейі қабылдатпауға тырысып бағуда деп айыптап отыр.

Құжаттың қабылданбай қалуы Украинаның Еуропа одағымен (ЕО) еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу мүмкіндігін азайтады. ЕО Киевке келесі аптада Вильнюсте өтетін саммитте еркін сауда туралы келісім жасасу үшін құқықтық және демократиялық реформалар жүргізу туралы шарт қойған еді. ЕО Украина билігіне Юлия Тимошенконы босату туралы да шарт қойған. Брюссель Тимошенконың ісін "саясиланған" деп санайды.

2005-2007 жылдары Украина премьері болған Юлия Тимошенко 2011 жылы қазанда «2009 жылы Ресеймен газ келісімін жасағанда билігін асыра пайдаланды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған. Түрмеде оған дәрігерлер «омыртқасында жарық (грыжа) бар» деген диагноз қойған.

Түрмеде отырған кезде Тимошенконың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалды: тергеу орындары оған 1990 жылдардың екінші жартысында "Украинаның бірыңғай энергетикалық жүйелері" корпорациясын басқарған кезде қаржылай айла-шарғы жасаған" деген айып тақты.
XS
SM
MD
LG