Accessibility links

Иран келіссөздері үшінші күнге жалғаспақ


Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (сол жақта) пен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон. Женева, 20 қараша 2013 жыл.

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (сол жақта) пен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон. Женева, 20 қараша 2013 жыл.

Женевада өтіп жатқан Иран мен "алтылық елдерінің" келіссөздері бүгін үшінші күнге жалғасады.

Кеше келіссөздерді жүргізуші, Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен жүздескен. Кездесуді Эштон мен Зариф "маңызды болды" деп бағалаған.

Бірақ Жавад Зарифтің орынбасары Аббас Аракчиге сілтеме жасаған Иран ақпарат құралдары "келіссөздерден нәтиже шығу мүмкіндігі аз" деген ақпарат таратып жатыр. Бұған дейін Жавад Зариф те "маңызды мәселелерге қатысты келіспеушіліктер әлі де барын" айтқан. Келіссөздер бүгін аяқталмақ.

Женевада осы айдың басында өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нәтижесіз аяқталған еді. Келіссөздерде негізінен Иранның уран байыту жұмыстарын алты айға тоқтатып, есесіне батыс елдерінің санкциясын жеңілдету мәселесі талқыланып жатыр.

Кеше АҚШ сенатындағы көпшілік орынға ие демократтар жетекшісі Гарри Рид желтоқсанның басында Иранға қарсы санкцияларды қатаңдататын заң жобасын ұсынатынын айтқан.

Батыс елдері Иранды уран байыту бағдарламасынан бас тартқызғысы келеді. Бірақ Тегеран өз ядролық бағдарламасы "бейбіт мақсатқа" құрылғанын айтады.

Бұл келіссөздерге Иранмен бірге "алтылық елдері" - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия қатысып жатыр.
XS
SM
MD
LG