Accessibility links

Киевте үкіметке наразылық шарасы өтті


22 қарашаға қараған түні Киевтің орталығындағы Тәуелсіздік алаңына мыңға тарта адам жиналып, үкіметтің Еуропа одағымен ассоциация туралы келісім жасасудан бас тартқанына наразылық білдірді.

Украина үкіметі кеше ЕО-мен келісім жасасуға дайындық жұмыстарын тоқтататынын мәлімдеген. BBC-дің хабарлауынша, үкімет мұны "Ресей және Кеден одағына мүше елдермен, ТМД-мен экономикалық байланыстарды дамыту қажеттілігімен" түсіндірген. Украина үкіметінің ұйғарымынша, ЕО-мен келісім жасасуға дайындықты тоқтату шешімі "ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан" қабылданған.

Үкіметтің мәлімдемесінен бірер сағат бұрын Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдамай тастаған еді.

Наразы жұрт жиналған жерге қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері тартылған. Оппозиция жетекшілері Арсений Яценюк, Виталий Кличко және Виталий Тягнибок жиналғандар алдында сөз сөйлеп, 24 қарашада ары қарай да жаппай демонстрациялар өткізуге үндеді.

Оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко президент Виктор Янукович "Еуропа одағы алдындағы беделінен айырылғанын" айтты. "Янукович Еуропа комиссиясы басшысына, Германия мен Польша президенттеріне уәделер берген болатын. Қазір ол барлық беделінен айырылып отыр" деді Кличко.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон Украина билігінің шешіміне қатысты мәлімдемесінде "Бұл - Еуропа одағы үшін ғана емес, украин халқы үшін де күтпеген жағдай болды деп ойлаймыз" деді. Бірақ ол Еуропа одағының "Украин азаматтарына адал болып қалатынын" жеткізген.

АҚШ мемлекеттік департаменті де мәлімдеме таратып, онда Вашингтонның "Украина Еуропа одағымен интеграцияланса экономикалық даму мен демократияға қол жеткізетініне сенімді екенін" айтқан.

ЕО Украинамен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу үшін елде құқықтық және демократиялық реформалар жүргізуді талап еткен еді. ЕО қойған шарттардың бірі - түрмеде отырған Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау болған.
XS
SM
MD
LG