Accessibility links

Украинада билік шешіміне наразылық жалғасып жатыр


Украина билігінің шешіміне наразылық жиынын бақылап тұрған полицияның арнайы жасағы. Киев, 22 қараша 2013 жыл.

Украина билігінің шешіміне наразылық жиынын бақылап тұрған полицияның арнайы жасағы. Киев, 22 қараша 2013 жыл.

Украинада Еуропа одағымен (ЕО) ассоциация туралы келісім жасасудан бас тартқан биліктің шешіміне наразылық акциялары жалғасып жатыр.

Жұма күні Киевтің Тәуелсіздік алаңына Украина мен ЕО туларын ұстап шыққан жүздеген адам үкіметке келесі аптада Вильнюсте өтетін «Шығыспен әріптестік» саммитінде ЕО-пен келісімге қол қою туралы талап қойды. Түрмеде отырған Украина оппозициясының жетекшісі Юлия Тимошенко халықты ЕО-пен келіссөздерді тоқтату туралы билік шешіміне наразылық акцияларына шығуға шақырды.

Жұма күні үкіметтің ұстанымына наразылық жиыны Львов, Черкассы, Луганск және басқа қалаларда да өттті.

Украинаның Кеден Одағына қосылғанын жақтайтын Ресей президенті Владимир Путин «Еуроодақ Украинаға қысым көрсетіп жатыр» деп мәлімдеді.

Киев бейсенбі күні ЕО-мен келісім жасасуға дайындық жұмыстарын тоқтататынын мәлімдеген. Украина премьер-министрі Николай Азаров мұны «экономикалық мүдделерге байланысты» деп түсіндірген.

Үкіметтің мәлімдемесінен бірер сағат бұрын Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдамай тастаған еді.

Украинамен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу үшін елде құқықтық және демократиялық реформалар жүргізуді талап еткен ЕО қойған шарттардың бірі – түрмеде отырған Тимошенконың шетелде емделуіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау болған.
XS
SM
MD
LG