Accessibility links

ТЖМ: Алматыдағы базарды әдейі өртеген


Алматы қаласындағы "Құлагер", "Арал" және "Еуразия" базарлары қасақана өртелген. Бұл туралы бүгін төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада айтылған.

"17 қарашада әдейі өрт қою нәтижесінде "Құлагер", "Арал", "Еуразия" базарларында өрт шықты. 20 қарашада өртке байланысты Қылмыстық кодекстің 187-бабы 2 -тармағы бойынша (өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін зақымдау немесе әдейі жою) қылмыстық іс қозғалды. Өртенген заттардың күліне сараптама жасалып, оларда тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтың болғаны анықталды" делінген ақпаратта.

Министрліктің дерегінше, "өрт болған жердегі электр желілері мен электр құрылғыларының өрттің тұтануына еш қатысы жоқ".

Қарашаның 17-сі күні таңға жуық Алматыда жұрт "Барахолка" атап кеткен сауда орнындағы "Құлагер" базарынан өрт шыққан еді. Төтенше жағдайлар қызметінің есебі бойынша, "өрт 4 мың шаршы метрге жуық аумақты шарпыған". Өрттен кейін "Арал" базарының "қызыл сызықта" орналасқан, жолға жақын бірінші қатарын бұзу басталған.

Бұның алдында, 13 қыркүйек күні «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген еді. Зардап шеккен жеті адамға дәрігерлік көмек көрсетілген. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, ол жолғы өрттің аумағы 5,4 мың шаршы метр болған.

Алматы қаласы әкімдігі мен «Барахолка» базарларының басшылығы арасында бірнеше жылдан бері жер дауы жалғасып келеді. Әкімдік 2013 жылы жазда «Барахолка» аумағынан өтуі тиіс жолды салу үшін «базарларды тәртіпке келтіретінін» мәлімдеген еді.

AzattyqTV

Ресей мен Беларусь

Жұрт неге наразы?

XS
SM
MD
LG