Accessibility links

Киевтегі екі "Еуромайдан" лагері бірікті


Қос майдан бірікті
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

ВИДЕО: Украинаның Еуроодақпен интеграциясын талап еткен наразылық шаралары. Киев, 26 қараша 2013 жыл.

Киевтегі Еуропамен интеграциялануды қалайтын "Еуромайдан" деп аталатын екі акцияның қатысушылары бірікті.

Бүгінге дейін Киевте еуроинтеграцияны жақтайтындар екі жерде наразылық жиындарын өткізіп келген. Оның бірі - оппозицияның Еуропа алаңында ұйымдастырған лагері, екіншісі - Тәуелсіздік алаңында өздігінен пайда болғандар, бұлар саяси ұрандарды қолданудан бас тартқан еді.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенко бұған дейін осы екі алаңдағы наразыларды күш біріктіруге шақырып, үндеу жолдаған еді. Тимошенко осы аптаның басында ел президенті Виктор Януковичтен Еуропа одағымен ассоциацияға қол қоюды талап етіп, түрмеде аштық жариялаған еді.

Виктор Янукович кеше украиндық телеарнаға берген сұхбатында Киев Еуропа одағымен Брюссель тиімді шарт қойған жағдайда ғана келісім жасайтынын мәлімдеген. Ол Еуропамен интеграцияны талап етушілердің демонстрациясын "қолдайтынын" да айтқан.

Өткен аптада Киев 28-29 қарашада Вильнюсте өтетін ЕО-ның "Шығыс ынтымақтастығы" саммитінде ЕО-мен ассоциация туралы келісім жасауға дайындықты тоқтататынын хабарлаған еді.

Қарашаның 21-інен бері Украина оппозициясы ЕО-мен келісімнен бас тартқан билік шешімімен келіспей, наразылық шерулерін өткізіп келеді. Кеше Киевте демонстранттарға студенттер де қосылған. Бүгін Украинадағы бүкіл студенттер ереуілге шығатыны жөнінде хабар тарады.
XS
SM
MD
LG