Accessibility links

Дубай Экспо-2020 көрмесін өткізеді


Дубай 2020 жылғы Дүниежүзілік көрмені (ЭКСПО) өткізу құқығын жеңіп алды. Біріккен Араб Әмірліктерінің экономикалық орталығы әрі ең ірі қаласы көрмені өткізу құқығына ие болу үшін Бразилия, Ресей және Түркия қалаларымен бәсекеге түскен еді.

Дубай билігі көрме өткізу құқығын жеңіп алу құрметіне әлемдегі ең биік ғимарат - Бурдж-Халифа мұнарасы үстінде үлкен отшашу жағып, 28 қарашада мектептерде демалыс жариялады.

Париждегі Халықаралық көрме бюросында өткен шешуші кезеңдегі дауыс беру нәтижесінде Дубай Ресейдің Екатеринбург қаласынан озып шықты. Көрмені өткізуге Бразилияның Сан-Паулу және Түркияның Измир қаласы да өтініш білдірген.

Дүниежүзілік көрме әрбір бес жыл сайын өткізіледі және онда сәулет, мәдениет және технология салаларындағы жетістіктер көрсетіледі. Көрмені өткізген қалаға жаңа инвестиция тартып, туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашылады.

Былтыр халықаралық көрме бюросының 152-ші Бас ассамблеясында жабық дауыс беру нәтижесінде Қазақстан астанасы Бельгияның Льеж қаласынан көп дауыс жинап, 2017 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығына ие болған еді.
XS
SM
MD
LG