Accessibility links

Сирия үкіметі мен оппозиция: Женева келіссөзіне барамыз


Сирия премьер-министрі Ваел әл-Халқи.
Сирия премьер-министрі Ваел әл-Халқи.
Сирия үкіметі мен елдегі батыс қолдайтын оппозициялық күштер коалициясы БҰҰ бастамасымен 22 қаңтарда Женевада өтетін бейбіт келіссөздерге қатысатындарын білдірді.

Бірақ екі тарап та Сирияда бейбітшілік орнатуға қатысты ұстанымдары әлі бір-біріне қайшы екенін мәлімдеп отыр. Сирия премьер-министрі Ваел әл-Халқи үкіметтік делегация Женеваға "билікті тапсыру үшін емес, жағдайды саяси тұрғыда реттеу үшін" ғана баратынын айтты.

Сирия оппозициялық топтары ұлттық коалициясының жетекшісі Ахмад Жарба ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында Женевадағы кездесуді "президент Башар Асадсыз уақытша демократиялық үкімет құруға мүмкіндік беретін жиын" деп санайтынын мәлімдеген еді. Ол бұған қоса Иран тек Сириядағы қақтығыстарда үкімет күштеріне қолдауын тоқтатқан жағдайда ғана Тегеранның бұл келіссөздерге қатысуына келісетінін айтқан.

Женевадағы келіссөздерге Сирия үкіметі мен оппозициялық топтардан өзге кімдердің қатысатыны әзірге белгісіз. Ресей жағы келіссөздерге Иран өкілдерін де қатыстыруды ұсынған. Бірақ АҚШ пен Батыс елдері оған қарсы болған.
XS
SM
MD
LG